Көктөбедегі кездесу


Ш.Айтматов, Қ.Мұхамеджанов



қоюшы-режиссер О.Кенебаев,

қоюшы-суретшілері Е.Әдісбек, Т.Есімбаев.



Көрнекті суреткерлер Ш.Айтматов пен Қ.Мұхамеджановтың Көктөбедегі кездесу драмасы М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында осымен екінші рет сахналанып отыр. Драманы алғаш рет 1975 жылы көрнекті режиссер Ә.Мәмбетов қойды. Театрдың мықты актерлері қатысқан қойылым кәсіби сын және көрермен тарапынан жоғары баға алған болатын.



Нағыз көркем шығарма қашанда өміршең. Көркем драма Көктөбедегі кездесудің көтерер мәселесі де қай кезең, қай қоғамда да мән-маңызын жоймайтын - адамгершілік, имандылық мәселелері. Шығарма идеясының негізгі өзегі - эпизодта ғана көрінетін кейіпкер, Сабыр ақынның жыр жолдарымен өрнектеледі:

... Мәңгі талас, мәңгі дау,

Қайткенде адам қалады адам болып?..



...Бір мектепте оқып, бір майданда болған ежелгі достар Көктөбеде, бүгінде шаруасы дөңгеленіп жүріп тұрған іскер Досберген мен әйелі Алмагүлдің шақыруымен бас қосады. Өзгелері де осал емес - Өсіпбай - Иосиф Татаевич белгілі ғалым, Исабек белгілі жазушы-журналист, әйелі Гүлжан белгілі актриса, Мәмбет тарих пәнінің мұғалімі, әйелі Анар дәрігер. Олардың ортасы қадірлі ұстаздары Айша апай келген соң тіпті тола түседі. Тек араларында Сабыр жоқ - ең талантты, бірақ, өз кезеңінің идеологиясына сай келмейтін жырлары үшін қудаланған, қоғамнан аласталған, ақыры ішіп кеткен достары. Қуанышты кездесуде Көктөбе, бейнелі түрде алғанда Фудзияманың басына шыққан достар - өз шындықтары мен нағыз шындықтың аражігін аша алмай жанталасады, бір-бірімен кінәласу ақыры айыптасуға ұласады. Кезінде Сабырды көрсеткен кім?.. Адам болып қала алмаған кім?



Кейіпкерлердің жан дүниесі, өміртаным-дүниетанымы шым-шымдап ашылатын драма қайғылы аяқталады. Күш сынасып ойнап тау басынан лақтырған тастарының бірі адам өліміне себеп болған достар Көктөбе - Фудзиямадан кеткенше асығады. Тау басында екі кейіпкер ғана қалады, әлден соң кетіп қалғандардың біреуі оралады. Өйткені Фудзияма басына шығу қай кезде де, кім үшін де оңай емес. Ол шыңға тек шындықпен бетпе-бет келе алатын және қателіктері мен қылмыстарын мойындай алатын адам ғана шыға алады...



Телефон для справок: +7727-292-33-07 (касса), +7727-292-43-47, +7727-292-73-93



Купить билеты в билетном агентстве Меломан


Добавить в избранное